Алматыда алғаш рет үш науқасқа физиологиялық стимулациялау жүйесі орнатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қалалық кардиология орталығында алғаш рет жүректің өткізгіш жүйесін физиологиялық стимуляциялаудың жаңа буындағы жүйелерін имплантациялау отасы жүргізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Шымкентте жаңа туған нәрестенің жүрегіне күрделі ота жасалды
Фото: canva.com

Құрылғылар жүрек ырғағы бұзылған үш науқасқа орнатылды. Имплантация аритмология бөлімінің меңгерушісі Артур Абдымомунов пен шақырылған сарапшы — профессор Krzysztof Boczar, MD, PhD (Краков, Польша) жетекшілік еткен білім беру мастер-класы аясында өтті.

CSP әдістемесі аритмологиядағы заманауи бағыттардың бірі болып саналады және жүректің табиғи жұмысына барынша жақын белсендіруді қамтамасыз етеді. Дәстүрлі стимуляциямен салыстырғанда, CSP қарыншалардың синхронды жиырылуын сақтайды, жүрек жетіспеушілігі қаупін төмендетеді және науқастардың өмір сапасын жақсартады.

Жүйелер өткізгіштік бұзылыстары, синус түйінінің әлсіздік синдромы және созылмалы жүрек жетіспеушілігі кезінде имплантацияланады. Ота барысында Biotronik компаниясының CLS (Closed Loop Stimulation) технологиясымен жабдықталған электрокардиостимуляторлары қолданылды. Бұл технология жүрек соғу жиілігін физикалық және эмоциялық жүктемелерге қарай реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылғылар Home Monitoring жүйесін қолдайды. Ол пациенттердің жағдайын қашықтан бақылауға және денсаулықтағы өзгерістерге дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

Орталық директоры Ермағамбет Қуатбаев заманауи технологияларды енгізу және дәрігерлерді озық әдістерге үйрету қаланың кардиологиялық қызметін дамытудағы маңызды бағыт екенін атап өтті.

Айта кетейік, Ұлытау облысында алғаш рет жүрекке ашық ота жасалды.

Соңғы жаңалықтар