Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда аптап ыстықтан электр энергиясы жаппай өшті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 17-20 шілде аралығында электр желісінің жұмысында ақаулар болды. Алатау Жарық Компаниясы бұл жағдайды аптап ыстыққа байланысты электр желілеріне түскен жүктеменің күрт артуымен түсіндірді. 

а
Фото: pexels

Компания мәліметінше, аталған кезеңде электр жабдықтаудағы іркілістер қаланың түрлі аудандарында тіркелген. Олар АЖК желілерін де, Алматы қаласының коммуналдық меншігіндегі және сенімгерлік басқару шарттары аясында пайдаланылатын электр желілерін де, сондай-ақ тұтынушыларға тиесілі абоненттік желілерді де қамтыған.

— Бірқатар жағдайда электр желілерінің бірнеше элементі бірге зақымданды. Бұл апаттық-қалпына келтіру жұмыстарының ұзақтығын арттырды, өйткені біреуі жөнделгеннен кейін желінің басқа учаскелерінде ақаулар анықталып отырды, — деп түсіндірді компания өкілдері.

Анықталған ақауларды жою үшін 17-20 шілде аралығында 35 өндірістік бригада жұмылдырылған.

Қазір қалада электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін электр желілерін жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оған кабельдік және әуе электр желілерін реконструкциялау мен салу, трансформаторлық және таратушы қосалқы станцияларды жаңғырту, физикалық және моральдық тұрғыдан тозығы жеткен жабдықтарды ауыстыру, күрделі әрі ағымдағы жөндеу жүргізу, сондай-ақ заманауи техникалық шешімдерді енгізу кіреді.

Еске салайық, бұған дейін Алматының бір бөлігі жарықсыз қалып, «Көктөбе» аспалы жолы уақытша тоқтады.