Алматыда автокөліктер автобус жолақтарымен қай уақытта жүре алады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы көшелерінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар көбейіп келеді. 

автобус, көлік, жолдар, Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Еліміздің оңтүстік мегаполисінде жыл сайын адам саны да, көлік саны да артып жатыр. Оның әсерінен қала көшелеріндегі кептеліс демалыс күндері де сейілмейді. Ал таңертең және кешке болатын ұзын-сонар кептеліс алматылықтар үшін үйреншікті үрдіске айналған. Бір орында сағаттап оталып тұрған көліктердің түтіні экологияға кері әсерін тигізіп келеді.

автобус, көлік, жолдар, Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алматы әкімдігі жол-инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтып, экологиялық ахуалды жақсарту үшін қалада қоғамдық көлікке басымдық бере бастады. Мысалы, Желтоқсан көшесі мен Райымбек батыр даңғылында жаңа BRT желісі салынып жатыр. Ол Тимирязев көшесіндегі BRT-мен жалғанады.

Одан бөлек Алматының жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, мегаполис көшелерінде жалпы ұзындығы 177 шақырым болатын қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар қарастырылған. Барлығы — 26 көше мен даңғылда бар.

автобус, көлік, жолдар, Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Жол қозғалысы ережелері бойынша қоғамдық көлікке бөлінген жолақпен автобустар мен тролейбустар, полиция не жедел жәрдем сынды арнайы көлік құралдары, сондай-ақ өзге көліктер бұрылыс кезінде жүре алады. Алайда кей учаскеде белгіленген уақытта кез келген автокөлік жүре алады.

Атап айтқанда, Райымбек даңғылының бойында Саин көшесінен «Ақкент» тұрғын үй кешеніне дейінгі аралықтағы арнайы жолақта демалыс пен мереке күндері, сондай-ақ жұмыс күндері сағат 20:00–ден 06:30–ға дейін өзге көлік құралдарының жүруіне рұқсат етіледі.

автобус, көлік, жолдар, Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

— Бұл шара көлік қозғалысын оңтайландыру және жол қозғалысы жүктемесі төмен кезеңдерде қалалық жол инфрақұрылымын тиімді пайдалану мақсатында енгізілген, — деп түсіндірді ведомство.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, биыл 1 қаңтар мен 31 қазан аралығында Алматы қаласы бойынша жолдың жүріс бөлігіндегі жол белгілері мен сызықтарының талаптарын сақтамауға қатысты 542 227 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

автобус, көлік, жолдар, Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

— Алматы қаласы бойынша қоғамдық көлік қозғалысына арналған арнайы жолаққа шығу деректерін барлығы 97 «Сергек» автоматтандырылған бақылау камерасы тіркейді, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, Алматыда Пушкин көшесінің бір бөлігі аллеяға айналып жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар