Алматыда автотұрақ ережелерін бұзған 15 мың жүргізуші айыппұл арқалады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық шаралар жүргізіп жатыр.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою қағидаларын сақтау мәселесіне, оның ішінде тұрғын үй аулаларында тәртіптің сақталуына ерекше назар аударылып отыр.
— Жыл басынан бері автотұрақ ережелерін бұзудың 15 мыңнан астам дерегі тіркелді. Әсіресе, көліктердің көгалға, жаяу жүргіншілер жолына, бордюрларға қойылуы, сондай-ақ абаттандыру талаптарының сақталмауы жиі анықталады. Сонымен қатар төтенше қызметтердің көліктері үшін жолдардың жабылып қалуы ерекше алаңдаушылық тудырады. Мұндай жағдайлар төтенше сәттерде ауыр салдарға әкелуі мүмкін, — деп атап өтті департаменттен.
Еске салайық, елордадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған өрт шығып, төтенше жағдай қызметкерлерінің оқиға орнына жетуіне автотұраққа дұрыс қойылмаған көлік кедергі жасады. Кейін ережені бұзған жүргізуші жауапкершілікке тартылды.