Алматыда автотұрақ тарифі көлік жүктемесіне қарай белгіленбек
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қалалық мәслихат сессиясында коммуналдық ақылы автотұрақтардың тарифтерін көлік жүктемесіне қарай саралау ұсынылды.
2016 жылдан бері коммуналдық ақылы автотұрақ тарифі — сағатына 100 теңге.
10 жылда қаладағы көлік саны 1 миллионнан асып, жол-көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме артты.
Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, бірыңғай тарифпен автотұрақ орындарымен қамтамасыз ету қиын. Соның салдарынан жүргізушілер бос орын іздеуге мәжбүр дейді.
Осы мәселені шешу үшін автотұрақ тарифін аумақтағы көлік жүктемесі мен оның функционалдық ерекшелігіне қарай белгілеу ұсынылады.
- Көлік жүктемесі төмен учаскелерде сағатына 100 теңге тариф сақталады.
- Орташа жүктемелі аумақтарда тариф — 150 теңге;
- Көлік көп жүретін әрі автотұрақ орындары тапшы учаскелерде — 200 теңге.
Ақылы автотұрақ аймағында тұратын тұрғын үй иелері арнайы рұқсат рәсімдеп, үйіне жақын орналасқан автотұрақты тегін пайдалана алады. Сонымен қатар пайдаланушылардың кейбір санаттары үшін қолданыстағы жеңілдіктер де сақталады.
— Жаңа жүйе автотұрақ орындарының айналымын арттырып, көлік көп жиналатын көшелерде тұрақтау уақытын қысқартуға және қысқа мерзімге көлік қоятын жүргізушілер үшін бос орындардың қолжетімділігін жақсартуға бағытталған, — делінген хабарламада.
Еске салайық, Алматыда автотұрақтағы ақылы уақыт ұзарып, ақылы орындар көбейетіні хабарланды.