Павлодарда 200-ден астам ұрланған мал иелеріне қайтарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Полицейлер мал семіретін күзгі мезгілде төрт түлікке ие болу керек екенін ескертіп отыр. Өңір бойынша қазіргі уақытта мал ұрыларына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған.
Облыста «Мал ұрлаушы» жедел алдын алу шарасы нәтижесінде қолды болған 252 түлік иелеріне қайтарылды.
— Қазіргі уақытта Май ауданында мал ұрлығына қатысты екі дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 9 күдіктіні анықтап, ұстады. Олардың үшеуі қамауға алынды. Алдын ала деректерге сәйкес, күдіктілер 2024 және 2025 жылдардың күз айларында алдын ала сөз байласып, жайылымнан 29 ірі қара қараны және 7 жылқыны ұрлаған. Кейін оларды бөлшектеп, етін сатып жіберген. Осылайша мал иелеріне 18 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірген, — деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Жалпы жыл басынан өңір аумағында 52 мал ұрлығы дерегі тіркелген. Полиция ветеринариялық қызметпен бірлесіп мал мен ет өнімдерін тасымалдау бойынша тұрақты тексерістер жүргізеді. Мамандар жайылымдарды, иесіз малдарды, сондай-ақ сауда орындарын, базарларды, мал сою пункттерін және мал мен етті тасымалдайтын көлік құралдарын тексереді.
Еске сала кетейік, елімізде шаруаларға тиесілі малға сәйкестендіру жүргізуді бекіту нормалары қарастырылып жатыр.