Алматыда биыл 3 мыңнан астам жүргізуші куәлігінен айырылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жүргізуші куәлігінен айырылудың басты себептері қандай? Алматы қаласының полиция департаменті жауап берді.
Полиция мәліметінше, Алматы қаласында жыл басынан бері 3 мың 105 адам жүргізуші куәлігінен айырылған.
– Жүргізуші куәлігінен айырылуға басты себептердің бірі – ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабында көрсетілген қағидаттарды бұзу. Яғни, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқаруы. Сондай-ақ көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамға басқаруға беру. Одан бөлек 590-бап ( 2-1, 4, 4-1 тармақтары), көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, - деп түсіндірді департаменттен.
Сонымен қатар Алматы полициясының мәліметіне сәйкес, биыл 1 қаңтар мен 1 желтоқсан аралығында мопед жүргізушілері 663 жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Нәтижесінде 3 адам қайтыс болды, 696 адам дене жарақатын алды.
Осы уақыт аралығында Алматыда электросамокат жүргізушілері 381 жол апатына ұшырап, салдарынан 1 адам қайтыс болды, 403 адам дене жарақатын алды.
Еске салайық, Қазақстанда электросамокаттарды жалға беру тәртібі қайта қаралып, Парламент кикшерингілік компанияларға жаңа талаптар енгізетін заң нормаларын бекітті. Өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бұл бастама самокаттармен болған жол-көлік оқиғалары мен құқықбұзушылықтар санының өсуі аясында көтерілді.