Алматыда биыл 600-ге жуық адам қызылша жұқтырған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының бас санитариялық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы қаладағы қызылша ауруы бойынша эпидаухал жағдайын түсіндірді.
Оның айтуынша, Алматыда жыл басынан бері қызылша жұқтырған 591 адам тіркелген. Ең көбі Алатау ауданында — 239, сондай-ақ Наурызбай, Бостандық пен Әуезов аудандарында да бар. Ауруға шалдыққандардың 89 пайызы қызылшаға қарсы егілмеген және 94 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар.
— Алматы қаласында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. 2026 жылдың басынан бері біз 591 расталған жағдайды тіркедік, аурушаңдық ұлғайып барады. Инфекцияның таралуына вакцинацияның болмауы негізгі себеп болып отыр, — деді ол.
Қасымхан Алпысбайұлы аурудың барлық ошағында жедел түрде эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілгенін атап өтті. Ауру жұқтырғандармен байланыста болған 6 мыңнан астам адам медициналық бақылауға алынса, 700-ден астам адам эпидкөрсеткіш бойынша вакцинацияланды.
— Алматыда балаларды толықтыру мен қосымша иммундау жұмысы қолға алынды. Бір жас пен алты жаста, сондай-ақ бұрын екпе алмаған 18 жасқа дейінгі балаларды және 6 айдан 10 айға дейінгі сәбилерді қосымша жоспарлы вакциналау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері қызылшаға қарсы 7 мыңнан астам бала екпе алды, — деді Алматының бас санитариялық дәрігері.
Еске салайық, елде қызылшаға қарсы вакцинация күшейтілді.