Алматыда биыл фристайл-могулдан әлем кубогінің кезеңі өтпейтін болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Халықаралық шаңғы спорты федерациясы биыл 7-8 наурыз күндері Алматының «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында жоспарланған фристайл-могулдан әлем кубогі кезеңі өтпейтінін мәлімдеді.

фристайл
Фото:Александр Павский/ Kazinform

«Шымбұлақта» фристайл-могулдан алғашқы әлем кубогының кезеңі 2019 жылдың 2 наурызында ұйымдастырылған болатын. Сол жылы Ұлттық құрама мүшесі Юлия Галышева жарыста жеңіске жетті. 2020 жылы «Ой-Қарағай» курортында фристайл-акробатикадан, ал «Шымбұлақта» фристайл-могулдан әлем кубогы кезеңдері ұйымдастырылды.

2021 жылы фристайл-могул мен фристайл-акробатикадан ересектер арасында әлем чемпионаты өтті. Бұл жолы қазақстандықтар бір күміс және екі қола жүлдені иеленді. 2022 жылдан бастап мегаполис екі дисциплина бойынша әлем кубогы кезеңдерін жыл сайын қабылдап отырды. Ал 2025 жылы әлем кубогы кезеңінен бөлек, Алматыда жасөспірімдер арасында фристайл-могул мен фристайл-акробатикадан әлем чемпионаты ұйымдастырылды.

Биыл 7-8 наурыз аралығында 7-ші рет фристайл-могулдан әлем кубогі кезеңдері өтуі тиіс еді.

- 2026 жылдың 7-8 наурызында Алматыда жоспарланған FIS әлем кубогының кезеңі ұйымдастырудағы себептерге байланысты өтпейтін болды. Алматы мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты кейінгі жылдары әлем кубогы күнтізбесінде маңызды рөл атқарды және барлық мүдделі тараптар алдағы уақытта бұл алаңға фристайл жарыстарын қайтаруға ниетті, — делінген Халықаралық шаңғы спорты федерациясының ресми хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Анастасия Городко фристайл-могулдан екі мәрте үздік бестікке енді.

Соңғы жаңалықтар