Алматыда биыл нәрестелерге қойылған ең танымал есімдер қандай

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалы жаңа туған сәбилерге қойылған ең танымал есімдердің рейтингін жариялады.

нәресте
Фото: pexels.com

Алматы қалалық АХАТ басқармасының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері мегаполисте 8900 туу туралы акт тіркелген. Оның ішінде 4653-і ұл бала, 4247-сі қыз бала.

Қыз балалар арасында ең танымал үш есім — Айлин, Асылым, Томирис. Ал ұл балалар арасында Мухаммед, Алан және Алихан есімдері көш бастап тұр.

Сонымен қатар жиі қойылатын есімдер қатарында Али, Әлем, Рамазан, Амир, Айсұлтан, Хамза, Медина, Сафия, Айым, Адия және Аяла бар.

- Бүгінде ата-аналар есім таңдауда ұлттық дәстүр мен заманауи үрдістерді ұштастыруға мән береді. Мағынасы терең, айтуға жеңіл әрі әуезді есімдерге сұраныс артып келеді. Бұл ұлттық болмыс пен заманауи трендтердің үйлесімін көрсетеді, - деп хабарлады филиалдан.

Еске салайық, нәрестені тіркеуге бірнеше тәсілмен өтініш беруге болады: халыққа қызмет көрсету орталықтары, электрондық үкімет порталы және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы.

Сонымен қатар қызмет проактивті форматта да қолжетімді. Бала туғаннан кейін бір тәулік ішінде анасының телефонына 1414 нөмірінен құттықтау SMS хабарлама келіп, қажетті құжаттарды рәсімдеу бойынша қадамдық нұсқаулық ұсынылады.

Былтыр Алматыда балаларға қойылатын ең танымал есімдер туралы жазғанбыз. Тізімде біршама өзгеріс бар. Толығырақ сілтемеден оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар