Алматыда былтыр қайтырылған активтерді сатудан 3 млрд теңге табыс түскен
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мемлекет меншігіне қайтарылған Алматыдағы бірнеше актив аукционда сатылды.
Былтыр Қайтарылған активтерді басқару компаниясының басқаруында болған Алматыдағы екі нысан 3,1 млрд теңгеге сатылған.
Оның біреуі – Жетісу ауданы, Ратушный көшесі, 64 «Г» мекенжайында орналасқан әкімшілік ғимарат. Нысан 1,6 млрд теңгеге сатылды. Екіншісі – Бостандық ауданы, Байтұрсынов көшесі, 104 мекенжайында орналасқан тұрғын емес үй-жай. Ол аукционда 1,5 млрд теңгеге бағаланды.
– Барлық сату процесі электрондық сауда арқылы ашықтық, бәсекелестік және қатысушылар үшін тең қолжетімділік қағидаттарын сақтай отырып жүргізілді, - деп хабарлады компаниядан.
Еске салайық, 2025 жылы Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Алматыдан «Байсат» базарын бірнеше рет сатуға тырысты. Алайда сатып алушы табылмағандықтан, аукцион екі мәрте өтпеді. Осы орайда, агенттік 26 млрд теңгеге бағаланған базардың болашағы қандай болатынын анықтап көрді.