Алматыда бір тәулікте 10 мм жауын жауды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының коммуналдық қызметтері нөсер жаңбырдың салдарын жедел түрде жойды.

Алматыда бір тәулікте 10 мм жауын жауды
Фото: Алматы әкімдігі

4 шілде күні Алматыда тәулік ішінде 10 мм жауын-шашын түсті. Ең қатты жаңбыр сағат 15:00-16:00 аралығында жауып, осы уақыт ішінде 7 мм жауын-шашын тіркелді. Жалпы найзағайлы жаңбыр сағат 14:00-17:00 аралығында жалғасты. Бұл туралы қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері хабарлады.

Жергілікті су басу жағдайларына жедел әрекет ету үшін коммуналдық қызметтердің күшейтілген кезекшілігі ұйымдастырылды. Жұмысқа 104 арнайы техника, 74 мотопомпа, 12 ассенизаторлық көлік, сондай-ақ 425 жол жұмысшысынан құралған 75 жедел бригада жұмылдырылды. Бұдан бөлек, 2,3 мың құм салынған қап дайындалды. Сонымен қатар, қалалық Құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері де кезекшілік атқарды.

Күні бойы қала аумағында жергілікті су басудың 26 учаскесі тіркелді. Сағат 20:00-дегі жағдай бойынша коммуналдық қызметтер оның 24 учаскесіндегі су басу мәселесін толық жойды. Қалған екі учаскеде жұмыстар жалғасып жатыр.

Тәулік бойы қала көшелері мен жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарына 3 080 жол жұмысшысы және 1 225 арнайы техника тартылды.

Синоптиктердің болжамынша, 5 және 6 шілде күндері Алматыда жауын-шашынсыз, құбылмалы бұлтты ауа райы күтіледі. Коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмысын жалғастырып, ауа райы жағдайы өзгерген жағдайда жедел әрекет етуге дайын.

Айта кетелік Алматының таулы аймақтарында 4-5 шілде күндері сел қаупі жоғары болады.