Алматыда бұрынғы әйелін аңдыған сталкер жауапқа тартылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Елімізде сталкингке қарсы жауапкершілік күшейтілді.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, қала тұрғыны бұрынғы жұбайы тарапынан үздіксіз қудалау фактісі бойынша тәртіп сақшыларына жүгінген.
Аталған өтініш қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында құқыққа қайшы әрекеттерді дәлелдейтін айғақтар толық жиналған. Соның негізінде күдікті азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс материалдары сотқа жолданды.
– Сот шешімімен ер адамға 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындалып, оған қатысты пробациялық бақылау белгіленді, - деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, былтыр сталкингке қарсы заң қабылданды. Ол бойынша адамның жеке шекарасын бұзып, еркінен тыс оның ізіне түсіп, қайта-қайта телефон соғып қорқыныш сезімін ұялатқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.