Алматыда Достық даңғылы мен Пушкин көшесін абаттандыратын мердігерлер белгілі болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Алматыда Достық даңғылы мен Пушкин көшесін кешенді абаттандыру жұмыстары басталады.

Ауқымда жұмыс 2025 жылға жоспарланған. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы Kazinform агенттігі жолдаған сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Жобаға сәйкес, Пушкин көшесі Райымбек даңғылынан Гоголь көшесіне дейін кешенді абаттандырылады. Сондай-ақ Достық даңғылының Абай мен әл-Фарабиге дейінгі аралығы қамтылады.
Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған дерекке жүгінер болсақ, жоба жаяу жүргіншілердің, велосипедшілердің және жүріп-тұруы шектеулі адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтиды.
Пушкин көшесіне 25 мың шаршы метрден астам жаяу жүргіншілер плитасы төселіп, жаңа асфальтбетон жол жабындысы салынады. Көзі нашар көретін адамдарға арналған тактильді тақталар, пандустар, баспалдақтар, тұтқалар, тіреу қабырғалары, биіктігі кемінде 5 см болатын бордюрлар орнатылады.
Достық даңғылында кеңейтілген жаяу жүргіншілер жолы, жалпы ауданы 3630 шаршы метр велосипед жолдары, жаяу жүргіншілер өткелдері мен бағдаршамдар болады. Жасыл желектердің жалпы ауданы 13,8 мың шаршы метрден асады.
Жобаға тапсырыс беруші – Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасы.
Жобаның жалпы құны қосылған құн салығысыз – 4 631 758 913,99 теңге.
Тендер жеңімпаздары анықталды. Достық даңғылындағы жұмыстарды «KDC Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Жоба құны– 2,14 млрд теңге.
Пушкин көшесін абаттандырумен «Construction Group Samruk» ЖШС айналысады. Оған 2,49 млрд теңге бөлінді.
Осыған дейін Алматыда Президент резиденциясының орнындағы жаңа саябақта инженерлік желілерді жүргізуге 940 миллион теңге бөлінгені туралы жазған едік.