Таразда оқушының анасына баласының буллинг әрекеті үшін айыппұл салынды

ТАРАЗ. Kazinform — Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзу жөніндегі мамандандырылған соты кәмелетке толмағанды жәбірлеу фактісі бойынша оқушының анасын әкімшілік жауапкершілікке тартты.  

Таразда оқушының анасына баласының буллинг әрекеті үшін айыппұл салынды
Фото: freepik.com

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың мамыр айында Тараз қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің бірінде оқушы Н. өз сыныптасын ұрып-соғып, буллинг жасаған.

Сот отырысында Н.-ның заңды өкілі — анасы ұлының әрекетіне өкінетінін айтып, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермейтінін түсіндірді.

Кінә іс материалдарымен, соның ішінде полиция инспекторының баянатымен, тараптардың жазбаша түсініктемелерімен және оқиға орнындағы бейнежазбамен дәлелденді.

ӘҚБтК-нің 127-2-бабы 3-бөлігіне сәйкес, ата-аналарға ескерту немесе 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

Сот құқық бұзушылықтың сипатын, кінәлінің жеке басын, кінәсін мойындауын, жәбірленушінің кешірім беруін ескере отырып, айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты.

Сот қаулысымен Н.-ның заңды өкілі 27 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Қаулы заңды күшіне енді.

Айта кетелік Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Альбина Залмұқанова буллингке қарсы күрес емес, алдын алу маңызды екенін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар