Алматыда экологиялық нормаларды бұзған жүргізушілер 653 млн теңге айыппұл төледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда экологиялық қызмет мамандары полиция департаментімен бірлесіп жолда рейд жүргізіп жатыр.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, «Eco Almaty» ЖШС-нің жылжымалы зертханалары көлік құралдарының шығарындылар деңгейін жолда өлшейді.
— Биыл Eco Almaty және «Ренессанс плюс» компаниясының қызметкерлері 186 мыңнан астам өлшем жүргізіп, 20 мыңға жуық хаттама жасады. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 653 млн теңгеден асты, — деп хабарлады әкімдіктен.

Сондай-ақ жоспар аясында қатты отынды қолданатын қоғамдық тамақтану орындары — кәуапханалар мен моншаларды анықтау бойынша жұмыстар да қолға алынған.
Еске салайық, Алматыда «Алматы қаласының аумағында атмосфералық ауаны қорғау саласындағы арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы» жаңа ережелер жобасы әзірленген. Құжат қазір келісу рәсімінен өтіп жатыр.
— Ережелер қабылданғаннан кейінгі нәтиже жан-жақты болмақ. Негізгі ластаушы ретінде автопарк басты экологиялық бақылауға алынады. Бұрын реттеуге шамалы тартылған III санаттағы кәсіпорындар да жаңа талаптарға бағынады: олар экологиялық нормаларды сақтауға және тексеруден өтуге міндетті. Сонымен қатар ауа сапасын жедел бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай мониторинг жүйесі құрылып, тұрғындарға ашық деректер ұсынылады. Қалада LEZ аймақтар пайда болады. Бұл көлік қозғалысына экологиялық талаптар енгізілетін аумақтар, олардың мақсаты — ауа ластануын азайту және қалалық ортаны жақсарту, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске сала кетсек, Алматыда ауа сапасы бірнеше күннен бері нашарлап тұр.