Алматыда экологиялық рұқсатсыз жұмыс істейтін моншалар назарға алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда монша және сауна иелерімен профилактикалық жұмыс күшейтілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанда монша мен СПА орталықтарында қызмет құны қанша
Фото: Kazinform

Қатты отын пайдаланатын моншалар мен сауналар атмосфералық ауаның ластану көзіне айналуы мүмкін. Осыған байланысты Алматы қаласының атмосфералық ауа сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында «Eco Almaty» ЖШС қызметкерлері аталған нысандарды жоспарлы профилактикалық мақсатта аралады. Бұл туралы мегаполистің Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері айтты.

Алматыда шамамен 400-ге жуық монша мен сауна бар. Алайда олардың бір бөлігі міндетті экологиялық тексеруден өтпей, яғни тиісті экологиялық рұқсаттарсыз жұмыс істеп келеді.

Профилактикалық іс-шаралар барысында «Eco Almaty» мамандары нысан иелеріне экологиялық заңнама талаптарын, экологиялық тексеруден өтудің маңызын, шығарындыларды есепке алу қағидаларын және қоршаған ортаға әсерді азайту жолдарын түсіндіреді.

— Мұндай жұмыстың негізгі мақсаты — заңбұзушылықтардың алдын алу, экологиялық тәуекелдерді төмендету және қала ауасының жай-күйіне жауапты көзқарас қалыптастыру. Профилактика ықтимал мәселелерді алдын ала анықтауға мүмкіндік беріп, Алматыдағы экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді, — делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Бұдан бұрын Алматыда пиротехниканың заңсыз сатылымы тексеріліп жатқаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар