Алматыда электр самокаттары мен мопедтерді пайдалану тәртібі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңартылған жобасы әзірленіп, онда электр самокаттары, мопедтер және өзге де жеке мобильділік құралдарын пайдаланудың бірыңғай тәртібі көзделген.
Жобаға сәйкес, электр самокаттары, мопедтер және басқа да жеке мобильділік құралдарына арналған тұрақ орындарын орналастырудың бірыңғай қағидалары енгізіледі.
– Жалға беру қызметін көрсететін операторлар үшін тұрақ орындары шарт негізінде ұйымдастырылады. Сонымен қатар тұрғындар бұл тұрақтарды өздерінің жеке самокаты мен басқа да жеке көлік құралдарын қою үшін тегін пайдалана алады, – делінген әкімдік хабарламасында.
Құжатта сондай-ақ жеке мобильділік құралдарын эвакуациялау және сақтау тәртібі, аулаларда шлагбаумдар мен қорғаныш қоршауларын орнату қағидалары айқындалған.
– Бұл ретте жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да жедел қызметтердің кедергісіз өтуі міндетті түрде қамтамасыз етіледі. Жаңартылған қағидаларды енгізу жеке көлік құралдарын орналастыруды жүйелеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді әкімдік.
Айта кетейік, электросамокатты қалай қауіпсіз пайдалануға болатынын мынау сілтеме арқылы біле аласыз.