Алматыда электр желілерінің зақымдануына байланысты бірнеше көше жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Центральная және Талды көшелері шұғыл жөндеу жұмыстарына байланысты жартылай жабылады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 4-13 қыркүйек аралығында Алматыдағы Центральная және Талды көшелерінің Кәкімбек Салықов көшесінен Жәңгір хан көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
— Жөндеу жұмыстары № 2353 және № 2363 220 кВ электр беру желілерінің зақымдануына байланысты жүргізілуде. Алматы қаласы мен Алматы агломерациясын электр энергиясымен сенімді қамтамасыз ететін 220 кВ желінің сақиналы сызбасы бұзылған, — деп түсіндірді «Алатау Жарық» компаниясы.
Мамандар Центральная және Талды көшелері аймағындағы зақымдалған кабель бөлігін жөндеуі керек. Жөндеу жұмыстары тәулік бойы қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіледі.
Осыған байланысты зардап шеккен аймақтағы көлік қозғалысы уақытша реттеледі.
Тұрғындар мен қонақтардан бағыттарын алдын ала жоспарлап, саяхат шектеулерін ескеру сұралады.
Еске салсақ, Алматыда 6 қыркүйекте спорт фестиваліне байланысты Төле би көшесі жабылатыны хабарланды.