Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда электрсамокаттарды орналастырудың бірыңғай ережесі енгізіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңартылған ережесі әзірленді. Құжатта алғаш рет жеке мобильділік құралдарын пайдалануды кешенді түрде реттеу көзделген. Жобаны мәслихат отырысында Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев таныстырды.

Алматыда электрсамокаттарды орналастырудың бірыңғай ережесі енгізіледі
Фото: Kazinform

Жобаға сәйкес, электрсамокаттары, мопедтер және өзге де жеке мобильділік құралдарына арналған тұрақ орындарын орналастырудың бірыңғай талаптары белгіленеді. Жалға беру қызметін көрсететін операторлар үшін тұрақ орындары шарт негізінде көшеде ұйымдастырылады. Бұл қала аумағында көлік құралдарын ретімен орналастыруға мүмкіндік бермек. Арнайы белгіленген тұрақ аймақтарын қала тұрғындары жеке самокаттары мен басқа да жеке мобильділік құралдарын орналастыру үшін тегін пайдалана алады.

Одан бөлек құжатта көлік құралдарын эвакуациялау және арнайы тұрақтарда сақтау тәртібі, сондай-ақ аулаларда шлагбаумдар мен қорғаныш қоршауларын орнатудың бірыңғай талаптары айқындалған.

— Бұл ретте жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да жедел қызмет көліктерінің кедергісіз жүруі міндетті талап ретінде сақталады, — деді Ержан Диханбаев.

Құжат жобасы мәслихат депутаттары арасында қолдау тапты.

Еске салайық, алматылықтар электрсамокат ережесін бұзғандар туралы WhatsApp арқылы хабарлай алатынын жазғанбыз.