Алматыда эпидахуал жақсарды: ЖРВИ жұқтырғандар 2,5 есе азайған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қаладағы ЖРВИ мен тұмау бойынша эпиджағдай туралы айтты.
Оның сөзінше, өткен аптада Алматыда 13 083 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Оған дейінгі аптамен салыстырғанда жұқпалы ауру жұқтырғандар саны 2,5 есе азайған. Ол кезде 32 456 адам болған еді. Науқастардың басым бөлігі балалар — 60,9% немесе 7 964 жағдай.
— Өткен аптада қаланың 176 мектебінде 978 ЖРВИ жағдайы тіркелді, оқушылар арасындағы сырқаттанушылық шекті деңгейден (10,0%-ға дейін) аспайды, оқу процесі штаттық режимде жалғасып жатыр, — деді Әсел Қалықова.
СЭБ департаментінің өкілі эпидемиологиялық маусым басталғалы бері қалада А/H3N2 (гонконг) тұмауының 73 жағдайы тіркелгенін атап өтті. Барлық науқастарға тиісті ем тағайындалған.
— Тұрғындар ЖРВИ мен тұмаудың өсу кезеңінде профилактиканың жалпы шараларын ұмытпауы тиіс. Ол — иммунитетті нығайту, көпшілік жиналатын орындарға баруды азайту, бөлмелерді желдету және ЖРВИ жұқтырған адамдармен байланыстан аулақ болу. Сондай-ақ ауру белгілері пайда болған өзін-өзі емдеумен айналыспау, ауырған балаларды мектепке, балабақшаға, жібермеу. Осы қарапайым ережелерді сақтау сізді тұмау мен ЖРВИ жұқтырудан қорғауға көмектеседі, — деді Әсел Қалықова.
Еске салайық, алдыңғы апта Алматыда ЖРВИ жұқтырғандардың саны 17 пайызға артқанын жазғанбыз.