Алматыда есірткіге қарсы жаңа мурал пайда болды
АСТАНА. KAZINFORM — Ауқымды арт-нысан Мақатаев пен Панфилов көшелерінің қиылысында ашылды, деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
— Бұл — жай ғана көше суреті емес. Бұл әр адамның өз таңдауы бар екенін еске салатын маңызды үндеу: еркін өмір сүру, спортпен айналысу, шығармашылықпен айналысу, білім алу, арманыңа ұмтылу ма, әлде болашақтан айыратын есірткіге тәуелділікке түсу ме. Муралдағы көркем бейнелер салауатты өмір салты мен жарқын болашақтың құндылықтарын есірткінің адам өмірін күйрететін зардаптарына қарсы қояды, — дейді тәртіп сақшылары.
Ведомствоның мәліметінше, осындай әлеуметтік арт-жобалар полицияның жастар арасында есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмысының бір бөлігі.
Бұған дейін Алматыда пәтерден толық жабдықталған есірткі зертханасы табылғаны белгілі болды.