Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелерінің пленарлық отырысы басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің үкімет басшыларының қатысуымен халықаралық форумның пленарлық сессиясы басталды. Пленарлық отырысқа дейін Үкімет басшылары халықаралық форумның цифрлық көрмесімен танысты.

Көрмеде 300-ден астам отандық және халықаралық компанияның, сондай-ақ цифрландыру бойынша жетекші халықаралық сарапшылардың цифрлық жобалары ұсынылған.
Отырысқа Еуразиялық экономикалық одақ елдері үкіметтерінің басшылары – Еуразиялық үкіметаралық кеңестің мүшелері Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Өзбекстанның үкімет басшысы Абдулла Арипов, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысып жатыр.
Олар бүгін Еуразиялық үкіметаралық кеңес ЕАЭО елдеріндегі макроэкономикалық ахуалды және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды қарайтын болады.
Бұдан бөлек, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің «Еуразиялық агроэкспресс» ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті жеделдетілген темір жол және мультимодальды тасымалдауды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен жобасын іске асыру барысын, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің көлік саласындағы басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобалар тізбесіне өзгертулер енгізуді талқыламақ.