Алматыда фитнес жаттықтырушы атып өлтірген азаматқа сот үкімі шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында фитнес жаттықтырушы Дамир Түребаевтың өліміне қатысты іс қарастырылды.

Қалалық сот мәліметіне сәйкес, сотталушылар А. мен И. 2023 жылы хостелде тұрған. Осы хостелде Дамир Түребаев та тұрды. 2023 жылдың шілде айында Түребаев мас күйде қолына балта алып, А.-ны ұруға ниеттенген. Алайда А. одан қашып, бөлмесіне кіріп, есікті ішінен жауып алған.
Жәбірленушіге екінші көршісі — сотталушы И. кездесіп, ол Түребаевты тыныштандыруға тырысқан. Бірақ жәбірленуші оған да балтасын көтерген. Нәтижесінде И. А.-ның бөлмесіне кіріп, есікті ішінен жауып алды.
— Т. есікке балтамен соққы беріп, оны бұзып кірмек болды. Осы сәтте сотталушы А. оқталған қарумен қаруланды. Т. бөлмеге кіріп, сотталушыларға балтамен соққы беруге тырысты, А. жәбірленушіге оқ атты. Нәтижесінде Т. оқ жарақатынан оқиға орнында қаза тапты, — деп хабарлады сот баспасөз қызметі.
Сот мәліметінше, бұл мән-жайлардың барлығы жатақханада тұратын куәгерлердің айғақтарымен, марқұмның қанында алкогольдің бар екендігі туралы сараптама қорытындысымен және сотталушылар тұрған бөлменің есігіне балта соққысының іздері, сондай-ақ іс бойынша басқа да дәлелдемелермен расталды.
— Сот А.-ның әрекетін кісі өлтіру (ҚР ҚК 99-бабы) бабынан қайта квалификациялап, қажетті қорғану шегінен асып кеткен кісі өлтіру (ҚР ҚК 102-бабы) ретінде анықтады. Сот үкімімен А. (ҚР ҚК 102-бабымен) кінәлі деп танылып оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚР ҚК 60-бабының 1-ші бөліміне сәйкес, 2017 жылдың 28 наурызында Орал қалалық сотының үкімімен тағайындалмаған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігі толығымен қосылып оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы И. қылмысты хабарламау (ҚР ҚК 434-бабы) бойынша кінәсіз деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалмағаны себепті ақталды. Ол сот залынан босатылды, — деп хабарлады қалалық сот.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, жыл басынан бері Алматыда көлікті мас күйінде басқарған 1,5 мың адам жазаланды.