Алматыда газ құбыры жарылып, жеңіл көлікке зақым келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Байзақов және Бұхар жырау көшелерінің қиылысында газ құбыры жарылды.

Желіде жарылыстан аударылып қалған жеңіл көліктің бейнежазбасы жарияланды.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ мәліметінше, «СантехКомплектГрупп» мердігер ұйымы орташа қысымды жаңадан салынған жерасты газ құбырына қысым беру жұмыстарын жүргізіп жатқанда ауа қоспасы шығып, жарылыс болған. Оқиға салдарынан жол жабыны, ағаш және бір автокөлік зақымданды.

— Оқиға орнына қаланың барлық тиісті апаттық қызметтері жедел жетті. Қазіргі уақытта аталған аумақта тексеру жұмыстары жүргізіліп, болған оқиғаның себептері анықталып жатыр. Оқиға аумағы қоршалды, халыққа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қаза тапқандар жоқ, — деп хабарлады «QazaqGaz Aimaq» АҚ.
Еске салайық, бұған дейін ТЖМ өрт сөндірушілері саяжай қоғамындағы жарылыс қаупінің алдын алды.