Алматыда газ құю бекеттерінің алдында автобустар ұзын-сонар кезекте тұр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда газ құю бекеттерінің алдында автобустардың ұзын-сонар кезегі қалыптасты.
Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары шаһардың әртүрлі аудандарындағы газ құю бекеттерінде кезекте тұрған автобустардың бейнежазбасын жариялап жатыр. Алматылықтардың айтуынша, кейбір бағыттар бойынша қоғамдық көлікті 30–40 минутқа дейін күту қажет.
Қала әкімдігінің жауабына сәйкес, бұл жағдайға автогаз толтыру компрессорлық станцияларының дұрыс жұмыс істемеуі себеп болған. Қазіргі уақытта 8 станцияның төртеуі істен шығып, тек бесеуі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Соның салдарынан жұмыс істеп тұрған бекеттерде кезек пайда болды.
Қызмет көрсетуші ұйымдардың мәліметінше, қазіргі уақытта істен шыққан станцияларда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Станциялардың бірін іске қосу 29 шілдеге жоспарланса, барлық бекеттің жұмысын 31 шілдеге дейін толықтай қалпына келтіру көзделген.
— Туындаған уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрай отырып, жолаушылардан жол жүруді жоспарлау кезінде қоғамдық көліктің қозғалыс кестесіндегі ықтимал өзгерістерді ескеруді өтінеміз, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, Алматының Наурызбай батыр көшесінде автобус жолағының орнына веложолақ салынады.