Алматыда хостелден шыққан өрт кезінде зардап шеккендерге кешенді медициналық көмек көрсетіледі
Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков Алматыда хостелден шыққан өрт кезінде зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Спикердің сөзінше, Шәріпов көшесінде орналасқан хостелдегі өрт кезінде зардап шеккен бес адамға дәрігерлер қойған диагноздар бойынша толық көлемде медициналық көмек көрсетіледі.
«Зардап шеккен төрт адамға жараларды алғашқы хирургиялық емдеу көрсетілді, эвакуациялау кезінде бұл азаматтар дененің әртүрлі бөліктеріне зақымдар алған еді. Оларды жедел жәрдем бригадасы тексеріп, ауруханаға жеткізді. Сондай-ақ, бір адам улы газбен улану диагнозымен токсикология бөліміне жатқызылды. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Ол қазір есін жиды, толық ем қабылдап жатыр», - деді Иран Шаматеков.
Айта кетейік, зардап шеккен төрт адам жараларын емдеген соң, амбулаториялық емделуге үйлеріне жіберілді.
Шәріпов көшесінде болған өрттің салдарынан 13 адам қаза тауып, 5 адам зардап шекті. Хостелде барлығы 72 адам болды, олардың арасында 12 студент бар. Тұрғындар арасында кәмелетке толмағандар болған жоқ.
Осыған дейін Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың Алматыда хостелден шыққан өртті сөндіруге тар жол, тыныс алуға қиын орта, қалың түтін кедергі келтіргенін айтты.