Алматыда итті көліктен сүйреген жүргізушіге іс қозғалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде итке қатыгездік жасалғаны туралы бейнежазба тарады.
Онда жануардың көлікке байланғанын және қансырап жатқанын көруге болады. Алматы қаласының полициясы аталған дерек бойынша тексеру жүргізіп, көлік құралының иесі анықталғанын хабарлады.
- Ол жануарларға қатыгездік көрсету фактісі бойынша міндетті түрде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алматы қаласы Полиция департаменті жануарларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген дерегі заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеліп, жан-жақты қаралатынын еске салады. Азаматтардың барлық өтініштері назарға алынып, құқық бұзушылар қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады, - делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, 2022 жылдан бастап елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енді.