Алматыда кабельдік шахтадағы өртке байланысты жедел штаб құрылды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының Алмалы ауданында өрт жоғары шақыру деңгейі бойынша сөндіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Алдын ала мәлімет бойынша, Әди Шәріпов көшесінде орналасқан ғимараттағы кабельдік шахтада өрт шыққан.
Оқиға орнына жедел қызметтер жіберілді. Барлау жұмыстары барысында газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары адамдарды эвакуациялау және құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Өрттің нақты шығу ошағын анықтау үшін жылу түсіргіштер қолданылуда. Оқиға орнында өртті сөндіру жөніндегі жедел штаб құрылды.
— Қазіргі уақытта адамдарды эвакуациялау және құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаның мән-жайы нақтылануда, — делінген хабарламада.
Қабылданған шаралар нәтижесінде өрт оқшауланды Өртті сөндіру жұмыстары жалғасады.
Бұған дейін Қазақстанда бір тәулікте екі орман өрті тіркелгенін жазғанбыз.