Алматыда қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот отырысы басталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматының қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджановқа қатысты басты сот отырысы басталды. 

судья Алматының қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджановқа қатысты басты сот отырысы басталды
Фото: Kazinform/Еламан Тұрысбеков

Іс қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Мәртпек Кәкімжановтың төрағалығымен қаралып жатыр.

Онда айыпталушы Алмасхан Ахмеджановтан бөлек, тағы бес адам отыр, олардың арасында Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов те бар.
Сот отырысы барысында судья тараптарға олардың процессуалдық құқықтары мен міндеттерін түсіндірді, одан кейін прокурорлар бірнеше эпизодтан тұратын айыптау актісін оқып берді.

судья
Фото: Kazinform/Еламан Тұрысбеков

Айта кетейік, процесс зардап шеккендердің қатысуынсыз өтеді.

Еске салайық, былтыр шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысының ұсталғаны белгілі болды.

Ведомствоның мәліметінше, шенеунік жер телімдерін беру және нысандардың құрылысына рұқсат беру кезінде қызметтік өкілеттерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.

Мәселен, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен.
Нәтижесінде мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келді.

Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал етті. Шығын 180 млн теңге.

Соңғы жаңалықтар