Алматыда Канье концертіне жалған билет сатқан азамат анықталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Канье Уэст концертіне жалған билет сату дерегі анықталды.
Алматы полициясының мәліметінше, әлемдік жұлдыздың концерті алдында алаяқтық әрекеттері көбейген. Тәртіп сақшылары интернет арқылы концерт билеттерін заңсыз сатуға тырысқан азаматты анықтады.
— Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері алдағы концертке билет сататыны туралы хабарландыру жариялаған жас жігітті анықтады. Оның заңсыз әрекетінің жолы дер кезінде кесіліп, сатып алушыларды алдап үлгерген жоқ. Ауқымды іс-шаралар қарсаңында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді, хабарландыру сайттарын және интернет-платформаларды тәулік бойы бақылап, алаяқтық деректері мен жоғары сұранысты пайдаланып заңсыз табыс табуға бағытталған әрекеттерді анықтап келеді, — деп хабарлады полициядан.
Тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарын билеттерді тек ресми сервистер арқылы сатып алуға, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және интернеттегі күмәнді хабарландыруларға сенбеуге шақырды.
Еске салайық, Алматыда Канье Уэстің концертіне дайындық қалай жүріп жатқанын жазғанбыз.