Алматыда қанша сейсмикалық станция жұмыс істеп тұр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жойқын жер сілкінісі туралы халықты ерте автоматты түрде ескерту жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
Алматы қаласының Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының мәліметінше, бүгінде 40 нысанның барлығының орналасуы айқындалып, олардың 35-інде сейсмикалық станциялар салынған. Станцияларды орналастыру орындары геологиялық, геофизикалық және сейсмикалық жағдайлар ескеріле отырып белгіленген. Сонымен қатар нысандарды тұрақты жер пайдалану құқығымен орналастыру үшін жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа станциялар қолданыстағы сейсмикалық бақылау желісіне қосылады. Бұл жер сілкіністерін бақылау ауқымын кеңейтіп, күшті сейсмикалық оқиғалар туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.
Одан бөлек 2025 жылдан бері жер сілкінісін ерте анықтауға арналған 70 автоматтандырылған станцияны орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Алматы қаласын қоршай орналасқан Алматы облысының аумағында 65 станция салынған. Қалған 5 станцияның құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
— Осыдан кейін барлық жаңа станция қолданыстағы ерте автоматты ескерту жүйесінің 28 станциясымен біріктіріледі, — деп хабарлады ведомство.
Басқарма өкілдері қалада Алматы агломерациясының сейсмогеодинамикалық жағдайын зерттеуге арналған үш жылдық жоба жүзеге асырылып жатқанын да атап өтті. Жоба аясында тектоникалық жарылымдардың цифрлық картасы, сейсмикалық модель және геодинамикалық белсенді аймақтардың картасы әзірленіп, жер бетінің ығысуы мен деформациясына бағалау жүргізіледі.
Еске салайық, бұған дейін 2025-2026 жылдары 70 сейсмостанция орнатылатынын жазғанбыз.