Елдің энерго орталықтары көмір және мазутпен қамтамасыз етілген

АЛМАТЫ. KAZINFORM –  Орталық коммуникацияар қызметі алаңында Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Илья Рожков БАҚ өкілдеріне 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының өту барысы және халық пен әлеуметтік нысандарды қажетті отынмен қамтамасыз ету шаралары туралы мәлімет берді. 

Елдің энерго орталықтары көмір және мазутпен қамтамасыз етілген
Фото: Энергетика министрлігі

Жылыту маусымы тұрақты өтіп жатыр. Биылғы жөндеу науқаны аясында электр станцияларында 10 энергоблокты, 63 қазанды және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 9 энергоблокта, 56 қазанда және 37 турбинада жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Оған қоса, 17 мың км электр желілері мен 420 қосалқы станцияда жөндеу жүргізілді.

Барлық іс-шара бекітілген кестелерге сәйкес орындалып жатыр. Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері апта сайын энергетикалық кәсіпорындарға барып, жылыту маусымының өту барысын жергілікті жерде бақылап отырады.

Биыл электр станцияларындағы жөндеу науқанына 396 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға көп. Жылу желілері бойынша 323 км жылу магистралінде жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізілді.

— Энергия көздеріндегі жанармай қоймаларында 5,6 млн тонна көмір және 148 мың тонна мазут жиналды, бұл нормативтік деңгейге сәйкес келеді. Жыл сайын әкімдіктердің өтінімдері бойынша Министрлік өңірлерге арналған «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітеді. Биылғы жылыту маусымына 257 мың тонна көлемінде мазут қарастырылған, — делінген хабарламада.

Энергетика министрлігі облыс әкімдіктерімен, «ҚТЖ» және көмір өндіруші кәсіпорындармен бірлесіп, өңірлерді тұрғындар мен коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Республикалық штабтың отырыстарын тұрақты өткізіп келеді. 

Өңірлердің жылыту маусымына арналған жалпы көмір қажеттілігі 7,4 млн тонна. Бүгінгі таңда 6,4 млн тонна көмір дайындалды, бұл жылдық жоспардың 86%-ы.

Айта кетелік Энергетика министрлігі көмір бойынша проблема жоқ екенін айтқан еді

Соңғы жаңалықтар