Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда қарбыз бен қауын тексерілді: нәтижесі қандай

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жаз басталғалы бері қарбыз бен қауыннан улану дерегі тіркелген жоқ. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты. 

қарбыз
Фото: Жетісай ауданы әкімдігі

Оның айтуынша, жазда тағамнан улану мен жіті ішек инфекциясының қаупі үнемі артады. Себебі жоғары температурада азық-түлік тез бұзылады. Әсіресе сақтау, тасымалдау мен сату талаптарын сақтамау оған әсер етеді.

— Қалада әзірге тағамнан жаппай улану болған жоқ. Осы жылдың 6 айында бактериялық тағамнан уланған 32 адам анықталды, бұл былтырғы уақытпен салыстырғанда 13,7%-ға аз. Тіркелген 32 адамның 21-і (65,6%) — 14 жасқа дейінгі балалар, — деді Әсел Қалықова.

Маман жазда қарбыз бен қауынның сапасына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Аталған өнімдер сатылатын орындарда олардың үлгілері алынып, зертханада тексеріледі. Ең алдымен мамандар нитраттың мөлшерін тексереді. Қажет болған жағдайда өнімдегі пестицид қалдықтары, улы элементтер, микробиологиялық және радиологиялық көрсеткіші де зерттеледі. Зерттеулер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері мен Қазақстан Республикасының санитариялық нормаларына сәйкес жүргізіледі.

Әсел Қалықова
Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

— Биыл жүргізілген зертханалық зерттеудің нәтижесінде қарбыз бен қауын үлгілерінен нитраттардың рұқсат етілген деңгейден асып кетуі анықталған жоқ. Сондай-ақ қауіпсіздік талабына сәйкес келмейтін өзге де көрсеткіштер тіркелмеді. Биыл Алматыда бақша өнімдерін тұтынуға байланысты уланып қалғандар да болған жоқ, — деді ол.

Оның айтуынша, нитрат мөлшерінің жоғары екенін жемістің түсіне, иісіне, дәмі мен сыртқы түріне қарап анықтау мүмкін емес. Тұрмыстық нитрат өлшегіш құралдардың көрсеткіштері де өнімнің қауіпсіздігін ресми түрде дәлелдей алмайды. Себебі олардың нәтижесі температураға, өлшеу орнына, өлшеу тәсілі мен басқа да жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін.

— Нитраттардың нақты мөлшерін тек аккредиттелген зертханада бекітілген зерттеу әдістері арқылы ғана анықтауға болады. Тұрмыстық құрал мөлшерін нақты анықтай алмайды, сондықтан оны түпкілікті қорытынды ретінде қабылдауға болмайды. Сол себепті сатып алушылар ең алдымен өнімнің қай жерде сатылып жатқанына, жемістің сыртқы жағдайына, құжаттарының болуына назар аударуы қажет, — деп түсіндірді Әсел Қалықова.

Маман тұрғындарға қарбыз бен қауынды базардан, дүкен мен басқа да ресми сауда орындарынан сатып алу ұсынып отыр. Сатушыларда өнімнің шығу тегі мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болуы тиіс. Қарбыз немесе қауын таңдағанда оның бүтін, жарылмаған, езілмеген, шірімеген және бүліну белгілері жоқ екеніне көз жеткізу керек. Кесілген жемісті сатып алу қауіпті, өйткені кесілген жері арқылы микроорганизмдер тез енеді. Сонымен қатар қарбыз бен қауынды сумен мұқият жуу қажет. Кесілгеннен кейін жемісті тек тоңазытқышта сақтап, мүмкіндігінше тезірек тұтынған жөн.

— Қарбыздың піскенін тексеру үшін сатушыдан кесіп беруін сұрамаңыз, кесіп қойған жемісті сатып алмаңыз. Күн ыстықта кесілген жердегі микроорганизм өте жылдам көбейеді. Тіпті сапалы өнімнің өзі дұрыс тасымалданбаса, дұрыс сақталмаса, бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдырылса, улануға себеп болуы мүмкін, — деді маман.

Еске салайық, Ауыл шаруашылығы министрлігі қарбызды шілде айының соңынан бастап сатып алуға кеңес берді.