Алматыда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй IT-хабқа айналады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Есентай өзенінің жағасында орналасқан қонақүй сүрілмейді.
Бұрын Қайрат Сатыбалдының меншігінде болып, кейін мемлекет қарауына өткен нысан сүріле бастағаны туралы ақпарат БАҚ беттерінде тарады. Алайда Алматы әкімдігі бұл мәліметті жоққа шығарды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, ғимарат нашар күйде болған. Сондықтан онда қазір кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда: қасбеті пен терезе тұстары қалпына келтіріліп, ішкі бөлмелері жөнделе бастады. Сондай-ақ іргелес аумақ көгалдандырылып, абаттандырылып жатыр. Жоба аясында ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, кейін пайдалануға берілмек.
Алматы әкімдігі заманауи нысандарға деген қажеттілікті ескере отырып, бұған дейін жекеменшікте болған және бос тұрған ғимаратты сүріп тастаудың орнына оны тиімді пайдалану туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
- Жобаның инвесторы — «LeanQor» ЖШС. Осы жоба шеңберінде «Алматы» ӘКК» АҚ ғимаратты жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кейін қолданысқа енгізу үшін ұсынып отыр. Жөндеу және өзге де қажетті жұмыстарды қаржыландыру инвестордың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Алматы IT-хабы жобасы Мемлекет басшысының IT мен AI инфрақұрылымын дамыту, осы салаларда кадрлар даярлау және құзыреттерді арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, - деп хабарлады әкімдіктен.
Қала басшылығының баспасөз қызметі жобаны іске асыру қолданыстағы нысанды ұтымды пайдалануға және IT, жасанды интеллект пен сабақтас бағыттарды дамытуға арналған инфрақұрылым құруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Жоба аяқталғаннан кейін ғимарат пен жер телімін Алматы қаласының Цифрландыру басқармасына беру жоспарланған.
- Болашақта бұл нысан цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ IT, AI, креативті индустрия және басқа да сабақтас салаларда жұмыс істейтін резиденттерді орналастыруға пайдаланылады, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған қонақүйге Алматы соттарын орналастыру мәселесі де қарастырылған болатын.