Алматыда қоғамдық кеңістікті көгалдандыруға тегін көшет беріледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Жасыл аула» акциясына қатысу үшін қала тұрғындарынан өтінімдер қабылдау басталды.

Жыл сайынғы акция аясында қала тұрғындары көпқабатты үйлердің аулалары мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру үшін жапырақты ағаштардың көшеттерін тегін ала алады.
— Акцияның негізгі мақсаты — жасыл қорды көбейту және сақтау бағдарламасын жалғастыру, сондай-ақ тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, — деп хабарлады әкімдіктен.
Тегін көшеттерді алу үшін өтінімдер 1-11 сәуір аралығында қабылданады. Қатысу үшін zhasyl_aula_2025@mail.ru электрондық поштасына мына деректерді жіберу қажет:
1. Бастамашыл тұлғаның аты-жөні және байланыс деректері, көшет отырғызылатын нақты мекенжай;
2. Көшет отырғызылатын алаңының бірнеше фотосуреті (мамандар орналасқан жерді бағалай алатындай панорамалық фотосурет);
3. Қанша көшет қажет екенін жазу керек. Акцияға қатысатын қала тұрғындары болашақта отырғызылған көшет туралы фоторепортаж ұсынады.
Акция бойынша қосымша ақпарат алу үшін Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны басқару басқармасының жасыл қор мониторингі және басқару бөліміне мына телефон арқылы хабарласуға болады: +7 771 894 34 57.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жеке үйлердің қоршауын сырлауға тегін бояу берілгенін жазғанбыз.