Алматыда көппәтерлі тұрғын үйді басқаратын компания төңірегінде дау шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы «Хан-Тенгри» тұрғын үй кешенінің төңірегінде дау туындап, бір топ азамат бейнеүндеу жасады.
Тұрғындардың бір тобы тұрғын үй кешенін басқарушы компанияның ауысуына байланысты наразылық білдірген.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада өзін МИБ басшысы ретінде таныстырған азамат тұрғындар дауысы арқылы сайланып, мұнда жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, қазір басқарма тарапынан тұрғын үй кешеніне өзге басқарушы компания заңсыз тағайындалған.
Бұл бейнеүндеуге қатысты Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жауап берді. Ведомство 54 үйі бар «Хан-Тенгри» кешенінің бұрынғы МИБ төрағасының өкілеті тоқтатылғаннан кейін тұрғындар басқармаға жүгінгенін атап өтті.
— Нәтижесінде 44 үй үшін уақытша басқарушы компания болып «Сервис-Group2» ЖШС тағайындалды, тағы 10 үй тікелей бірлесіп басқаруға өтті. Басқарушы компанияны тағайындау туралы шешім сотта қаралып жатыр, — деп мәлімдеді басқармадан.
Сонымен қатар ведомство жауабына сәйкес, тұрғындардың өтініштері бойынша МИБ-ке екі жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде басқарушы компанияға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілген, алайда ол орындалмаған.
— Тексерулердің қорытындысы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жіберілді. МИБ 70 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы.
Еске салайық, Алматыда МИБ мен ПИК қызметіне бақылау күшейгенін жазғанбыз.