Алматыда көше ортасында асқабақ өсіп тұр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылықтар қала үшін таңсық құбылыстың куәсі болды.
Әлеуметтік желіде Рашит есімді тұрғын көшеде өсіп тұрған асқабақтың суретін жариялады.
Оның жазуынша, көкөніс Абай даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында емін-еркін тамыр жайған.
Желі қолданушыларының бірі қала ортасында өздігінен өсіп тұрған асқабаққа таңғалса, енді бірі аталған орында бұрын да өсімдіктер өскенін жазған. Мұнда жақын маңдағы дәмхана қызметкерлері өсімдік еккен деген де болжам бар. Жазбаның пікірлер бөлімінде тағы бір азамат Төле би мен Әуезов көшелерінің қиылысында өсіп тұрған картоптың бейнежазбасымен бөліскен.
Еске салайық, Алматы саябақтарының біріне Қытайда мекендейтін қаз ұшып келгенін жазғанбыз. Орнитологтар о оның қайдан пайда болғанын ешкім білмейтінін айтты.
Сондай-ақ өткен айда Алматыда ерекше «парик ағаш» гүлдеді.