Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда көшкін қаупі бар 7 учаске анықталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тұрғындар мен қала инфрақұрылымы нысандарына жоғары қауіп төндірген көшкін қаупі ең жоғары тоғыз учаскеде беткейлерді нығайту жұмыстары аяқталды. 

Алматыда көшкін қаупі бар 7 учаске анықталды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Медеу ауданында «Медеу» биік таулы мұз айдыны маңындағы беткей, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына баратын автожол учаскесі, «Кеңсай-2» зиратына апаратын жол, сондай-ақ «Медеу» биік таулы спорт кешені аумағындағы «Сарысай» бөгетіне апаратын эвакуациялық жол бойындағы беткейлер нығайтылды.

Алматыда көшкін қаупі бар 7 учаске анықталды
Фото: Алматы әкімдігі

Сондай-ақ Жетісу ауданындағы үш учаскеде — Қожамияров көшесінде, Палладин көшесінің бойында және «Кемел» зираты аумағында жұмыстар жүргізілген. Наурызбай ауданында «Медеу» тұтыну кооперативіндегі Усиков көшесінің бойындағы учаске мен «Ақжартау» бау-бақша серіктестігіне кіреберіс жолдағы беткейлер бекітілген.

Беткейлерді нығайту жұмыстары 2025 жылғы қазанда табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі іс-шаралар аясында басталған.

Алматыда көшкін қаупі бар 7 учаске анықталды
Фото: Алматы әкімдігі

Биыл Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының, Алматы қаласы ТЖД, «Қазселденқорғау» мекемесінің, География және су қауіпсіздігі институтының және аудан әкімдіктерінің мамандарынан құралған жұмыс тобы көшкін үдерістерінің даму қаупі жоғары тағы 7 учаскені анықтады. Қазіргі уақытта олар бойынша жобалық шешімдер әзірленіп жатыр. Одан кейін беткейлерді бекіту жұмыстары жүргізіледі.

— Сел, көшкін және қар көшкіні қаупі бар учаскелерде төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ақпараттық-ескерту қалқандары орнатылып жатыр. Сонымен қатар тұрғындар мен туристерге қолайсыз ауа райы туралы SMS-хабарлама арқылы жедел ақпарат беріледі. Қауіп деңгейі жоғары кезеңде Шымбұлақ маңына және Үлкен Алматы көліне, кейбір тау бағыттарына баруға уақытша шектеу енгізіледі, — деп хабарлады әкімдіктен.

Алматыда көшкін қаупі бар 7 учаске анықталды
Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, 2024 жылы 8 ақпан күні Медеу ауданының Олимпиский көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың лайлануынан лай көшкіні болды

Кейін Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті мен республикалық жедел-құтқару жасағының күштері үйінді астынан 4 адамның денесін тапты.