Алматыда құрғақ түйе сүтін жасаған контрафактілік өндіріс орны анықталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласы әділет департаментінің қызметкерлері «Е» ЖШС-не қатысты бөтеннің тауар белгісін заңсыз пайдалану фактілері бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізді. 

Алматыда құрғақ түйе сүтін жасаған контрафактілік өндіріс орны анықталды
Фото: Видеодан алынған скрин

Тексеріс жүргізуге отандық брендтің ресми өтініші негіз болған. Іс-шара барысында елеулі заң бұзу анықталған: бөтен тауар белгісін пайдаланып жасалған 18 мыңнан астам өнімі табылды.

— Бұл іске ерекше мән беретін жайт — тек сақтау және сату мақсатындағы өнім ғана емес, сонымен қатар заңсыз өндіріс фактісі де әшкереленді. Арнайы жабдықта бөтеннің тауар белгісін қолданып, қаптау және таңбалау жұмыстары жүргізілгені анықталды. Бұл контрафактілік өнімді өндірудің жолға қойылған үдерісі бар екенін айғақтайды, — деп хабарлады әділет департаментінен.

Барлық анықталған тауарлар тәркіленіп, тиісті хаттамалар жасалған. Одан бөлек материалдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы аясында іс бойынша одан әрі қарау үшін сотқа жолданды.

Еске салайық, бұған дейін контрафакт операциясы аясында 4 күнде 272 адам ұсталып, 2 мың тыйым салынған өнім тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар