Алматыда құрылысы ұзаққа созылған 10 қабатты нысан бұзылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Сайран көлінің маңында құрылысы аяқталмаған ғимарат бұзылады.

Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметінше, жер телімінің ауданы — 0,6747 гектар.
— «Қуат корпорациясы» АҚ құрылыс-монтаж жұмыстарын 2006 жылы бастаған. 2008 жылы қаржыландырудың болмауына байланысты құрылыс жұмыстары 10 қабат деңгейінде тоқтатылған. Ғимараттың жалпы ауданы — 14 583 шаршы метр.
2022 жылдың17 тамыздағы сатып алу-сату шартына сәйкес, жер телімінің жаңа иесі жеке тұлға.
— 2024 жылдың сәуір айында жаңа иесіне аяқталмаған құрылысты бұзып, қызмет көрсету нысаны бар әкімшілік ғимаратты салу және пайдалану үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілді. Жаңа ғимараттың эскиздік жобасы әлі бекітілген жоқ, — деп толықтырды ведомстводан.
Еске салайық, бұған дейін 2022 жылдың басынан 2025 жылдың мамырына дейін мегаполисте рұқсатсыз салынған 88 нысан толығымен немесе жартылай бұзылғаны туралы жазғанбыз.