Алматыда Құрылтай сайлауына дайындық қалай жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда биыл 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауына дайындық жұмыстары қарқын алды.
Аумақтық сайлау комиссиясының (АСК) мәліметінше, Алматыда 670 сайлау учаскесі бар, ал тіркелген сайлаушылар саны 1,3 миллион азаматтан асады. Дайындық жұмыстары Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Қалада тоғыз аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Сайлау учаскелерінің шекаралары мен орналасқан жерлері жарияланып қойған. Қазіргі уақытта басты назар комиссия мүшелерін оқытуға, дауыс беру бөлмелерінің материалдық-техникалық дайындығын тексеруге, сайлаушылар тізімін нақтылауға және халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған.
Сондай-ақ учаскелердің ерекше қажеттілігі бар не жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолжетімділігі, байланыс құралдары мен қажетті жабдықтардың әзірлігі тексеріліп жатыр.
Сайлаушылар тізімі
Бүгінде Алматыда 1 миллион 329 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Бұл ретте мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мәліметтері мен азаматтардың өтініштері негізінде тізімдер әлі де нақтыланып жатыр.
Жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін учаскелік сайлау комиссияларына 2 тамызда тапсырған. Алматылықтар 7 тамыздан бастап тізіммен танысып, өзінің жеке деректерінің дұрыстығын тексере алады.
Жалпы халықты ақпараттандыру үшін цифрлық сервистер, интернет-ресурстар, қалалық байланыс орталығы (call-центр), бұқаралық ақпарат құралдары және аумақтық сайлау комиссияларының әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары тартылады.
670 учаске ашылады
Дауыс беру күні Алматыда 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 73-і азаматтар уақытша болатын орындарында, оның ішінде медициналық ұйымдар және басқа да мекемелерде құрылған. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады.
Учаскелерде дауыс беруді ұйымдастыру және оны өткізу жұмыстарымен учаскелік сайлау комиссияларының 4 658 мүшесі айналысады. Сонымен қатар сайлау процесіне аумақтық сайлау комиссияларының 63 мүшесі тартылады.
Олардың барлығы сайлау заңнамасын қолдану, дауыс беруді ұйымдастыру, сайлаушылар тізімімен жұмыс істеу, бюллетеньдерді беру, дауыстарды санау, өтініштерді қарау және байқаушылармен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша көпдеңгейлі оқытудан өтіп жатыр. Кейін тестілеуден сәтті өткен комиссия мүшелері электронды сертификат алады.
Сайлау учаскесін қалай білуге болады
Алматылықтар үшін сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексерудің және өз учаскесінің мекенжайын білудің бірнеше тәсілі қарастырылған. Атап айтқанда: Telegram-бот, сайлау учаскелерінің интерактивті картасы, 109 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығы арқылы немесе тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясына тікелей жүгінуге болады.
Ал сайлау өтетін күні өзі бекітілген мекенжайда болмайтын тұрғындар 7 тамыздан бастап есептен шығару куәлігін ала алады. Мұндай куәліктер 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін беріледі.
23 тамыз күні қаланың 41 сайлау учаскесінде Қазақстан аумағында ешқандай тіркеуі жоқ азаматтарды тіркеу сервистері жұмыс істейді. Тиісті учаскеде тіркелгеннен кейін азамат сайлауға қатыса алады.
Үйде дауыс беруге бола ма
Денсаулық жағдайына байланысты, адам күтіміне байланысты немесе басқа да дәлелді себептермен учаскеге өзі келе алмайтын азаматтарға үйде дауыс беру мүмкіндігі беріледі.
Ол үшін учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беру қажет. Өтініш түскеннен кейін комиссия мүшелері сайлаушыға тасымалды жәшікпен келеді. Бұл ретте дауыс берудің құпиялылығы және байқаушылардың қатысу мүмкіндігі сақталады. Өтініш қабылдау 23 тамыз сағат 12:00-де аяқталады.
Қолжетімді учаскелер
Сайлауға дайындық кезінде мүгедектігі бар адамдар үшін учаскелердің қолжетімділігіне ерекше көңіл бөлінеді. Сайлау учаскелерінде пандустар, тұтқалар мен қолжетімді кіреберістер, құпия дауыс беруге арналған арнайы кабиналар, кресло-арбаларға арналған орындар мен автотұрақ орындары қарастырылады.
Сондай-ақ көру және есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін қажетті ақпараттық және техникалық құралдарды қамтамасыз ету жоспарланған.
Егер сайлаушы бюллетеньді өзі толтыра алмаса, ол өзі таңдаған басқа адамның көмегін пайдалануға құқылы. Бірақ мұндай көмекті сайлау комиссиясының мүшелері, кандидаттар, байқаушылар мен БАҚ өкілдері көрсете алмайды.
Бұл сайлауда не өзгереді
Алдағы сайлау науқанының бірқатар ерекшеліктері бар. Бұл — мемлекеттік құрылымның жаңа конституциялық моделі және Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауы. Құрылтай бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі шеңберінде пропорционалды жүйе бойынша бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады.
Жаңашылдықтардың бірі - толтырылған сайлау бюллетенін фотоға және видеоға түсіруге, сондай-ақ оның суретін таратуға тыйым салынған. Үздіксіз өндірістік циклі бар ұйымдарда және жұмыс вахталық әдіспен жүргізілетін жерлерде сайлау учаскелерін құру мүмкіндіктері де кеңейтілді. Бұл 23 тамызда жұмыста болатын азаматтарға дауыс беруге қатысуға мүмкіндік беруі тиіс.
Сондай-ақ үгіт-насихат жүргізуге, БАҚ пен онлайн-платформа пайдаланушыларының қызметіне, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге және олардың нәтижелерін жариялауға қойылатын талаптар нақтыланды.
Сайлау алдындағы үгіт — партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғаннан кейін — 23 шілде сағат 18:00-де басталып, 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталды. Белгіленген мерзімге дейін, тыныштық күні және дауыс беру күні үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Еске салайық, Құрылтай сайлауын 10 мың қоғамдық байқаушы бақылайды.