Алматыда LRT желісінің құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді.

Алматыда LRT желісінің құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр
Фото: Pixabay.com

Бұл құжат Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының тапсырысымен дайындалған. Бас жобалаушы — «Метропроект» ЖШС. «Алматы қаласының LRT желісінің бірінші кезегін салу» техникалық-экономикалық негіздемесі бірыңғай экологиялық порталда қоғамдық талқылауға 17 ақпанда шығарылған

Құжат мәліметтері бойынша LRT депосы ЖЭО-2 учаскесінен шығысқа қарай Фариза Оңғарсынова, Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің аралығында орналасады. Деподан бастау алған жылдам рельсті көлік желісі Б.Момышұлы көшесімен оңтүстік бағытта Төле би көшесіне дейін, сосын Төле би көшесімен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін жүреді. Осы учаскеден маршрут солтүстікке қарай бұрылып, Абылай хан даңғылымен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы аялдама «Райымбек батыр» — көлік-ауысып отыру торабының аумағында қарастырылған. Бірінші желінің ұзындығы 17,893 км екені көрсетілген.

— Жобаланып отырған LRT желісі «Дарабоз», «13», «Ғажайып», «Нұркент» шағын аудандарын, сондай-ақ «Алатау сити» мен «Алмалы» тұрғын үй кешендерін қаланың орталық бөлігімен байланыстырады және екі жолды болады. Желі негізінен Б.Момышұлы, Төле би көшелері мен Абылай хан даңғылының бойындағы оқшауланған жол төсемі арқылы өтеді. Желі құрамында 34 трамвай платформасы қарастырылған, оның ішінде 12-сі аралдық типті және 22-сі жол шетіндегі типті, — делінген құжатта.

Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, LRT желісі құрылысының жалпы ұзақтығы — 24 ай болса, оның ішінде құрылыстарды бұзу мен инженерлік желілерді көшіруді есепке алғандағы дайындық кезеңі — 7 айға жетеді. Құрылыс жобасын іске асыру мерзімі 2027-2029 жылдарға жоспарланған. 2027 жылдың ІІ тоқсаны құрылыс басталып, 2029 жылдың ІІ тоқсанында құрылысы аяқталуы ықтимал.

«Метропроект» ЖШС әзірлеген құжатта тарихи орталық пен өнеркәсіптік аудандар арасында сенімді көлік байланысын қамтамасыз ету үшін болашақта LRT желісінің 2-ші кезегі салынатыны жазылған. Ол «Барлық» көлік-ауысып отыру торабынан Момышұлы көшесіне дейін салынады және «Алматы-2» теміржол вокзалын «Шығыс қақпасы» полиорталығымен байланыстырады.

Еске салайық, Алматыда LRT салу идеясы 2018 жылдан бері талқыланып келеді. Алғашқы жоба нұсқасында ұзындығы 22,7 шақырым болатын екі жолда 37 станция қарастырылған. Қозғалыс интервалы — ең көп дегенде 4 минут, ал бір тәуліктегі жолаушылар саны 76-112 мың адам болады деп болжанған. Коммерциялық орташа жылдамдық 22 шақырым/сағ, ал жобаны жүзеге асыру мерзімі 2019-2042 жылдар аралығында жоспарланған еді. Кейін құрылыс бірнеше рет кейінге шегерілді. 2020 жылы бастау жоспарланғанымен, ТЭН бойынша жобаның инвестициялық құны 94,2 млрд теңге (ҚҚС-пен бірге) деп бағаланып, қаржылық мәселелерге байланысты тоқтатылған. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум