Алматыда магистралды көшелерді орташа жөндеу жұмыстары аяқталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда ұзақтығы 40 км болатын 15 магистралды көшенің орташа құрылыс жұмыстары аяқталды.
Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, биыл жөндеу жұмыстары Қабанбай батыр, Қажымұқан, Жұбанов, Ұлықбек, Майлин, Бұқтырма, Момышұлы, Бекмаханұлы, Дулати, Серікбаев, Жароков, Төле би, Бөгенбай батыр, Тілендиев көшелерінде және Назарбаев даңғылында жүргізілді.
Сонымен қатар аудандық маңызы бар ұзындығы 117 шақырым болатын 123 көшедегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір ұзындығы 120 шақырымды құрайтын аудандық және жергілікті маңызы бар 188 көшеде жұмыстар жұргізіліп жатыр. Оның 60 пайыздан астамы қыркүйекте тапсырылмақ, қалғаны қазанның 20-ларына дейін аяқталады.
— Осылайша, биыл орташа жөндеумен жалпы ұзындығы 277 шақырым болатын 326 көше қамтылады. Бұл бұған дейін жарияланған жоспардан 23 шақырымға аз. Себебі бірнеше көше асфальт астындағы инженерлік желілерді ауыстыру қажеттігіне байланысты тізімнен алынды, — деп атап өтті басқармадан.
Бұдан бөлек, басқарма желісі бойынша қалада магистральдық және радиалды көшелерді салу, сондай-ақ Алғабас, Шұғыла, Ақжар, Боралдай, Жас-Қанат және Рахат-Мәдениет шағын аудандарында жол құрылысы жүргізіліп жатыр.
Осыған дейін Алматы облысында көкөніс пен жемістерді өңдейтін зауыттың құрылысы басталғаны туралы жаздық.