Алматыда мембағдарламамен алынған 160 пәтер үшінші тұлғаларға жалға берілген
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда сатып алу құқығынсыз мемлекеттік бағдарлама бойынша жалдамалы пәтер алған адамдар келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін де пәтерлерді босатудан бас тартып отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев айтты. Оның сөзінше, бағдарламаның 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді және ол жұмыс істейтін жастарды қолдауға бағытталған. Бағдарламаның мақсаты — жастарға жеңілдетілген шарттармен қолжетімді жалдамалы тұрғын үй ұсынып, кейін өз баспанасын сатып алу үшін бастапқы жарнаны жинауға мүмкіндік беру.
Алмасхан Сматлаев 2019–2024 жылдары қала жастарына 4581 жалдамалы пәтер берілгенін атап өтті. 2025 жылы 1050 пәтер бойынша келісімшарт мерзімі аяқталған.
— Шарт бойынша жалдамалы тұрғын үй 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге, уақытша қолдау ретінде берілді. Ал оны алған адамдарға кейін өз баспанасын сатып алу үшін қаражат жинау мақсатында ипотекалық және тұрғын үй бағдарламаларына қатысу міндеттелді. Шартқа қол қою кезінде жалға алушыларға тұрғын үйдің уақытша берілетіні және мерзімі аяқталған кезде пәтерді заңда белгіленген тәртіппен босатуға міндетті екені түсіндірілген. Алайда кейбір адамдар бастапқы жарнаны жинай алмаған немесе қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларын пайдаланбаған, — деді қала әкімінің орынбасары.
Одан бөлек Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, жалдамалы пәтерлерді тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Кей адамдар өздеріне берілген пәтерлерді үшінші тұлғаларға заңсыз жалға берген. 2025 жылы мұндай 160 жағдай тіркелді. Оның ішінде қазір 145 пәтер босатылса, 15-і бойынша сот жүріп жатыр.
Сондай-ақ бүгінгі күні жалға беру мерзімі аяқталған 1050 жалдамалы пәтердің 820-сы өз еркімен босатылған. Қалған 230 пәтер бойынша тұрғындар шарт талаптарын орындаудан бас тартқандықтан, сот отырыстары өтіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін 14 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған азамат жалдамалы пәтерге ие болатынын жазғанбыз.