Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтар инватакси қызметін түнде де пайдалана алады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласында инватакси қызметін 3100 мүмкіндігі шектеулі азамат тұтынады. Олардың 2215-і бұл көлікке жиі мінеді.
Алматы қаласы прокуратурасының талдау нәтижесі бойынша мүгедектігі бар жандар тасымалдау қызметіне тек күндізгі уақытта қол жеткізе алады. Ал түнгі уақытта қолжетімсіз.
Уақыттың шектеулігі азаматтар үшін кешкі және түнгі мезгілде, мысалы, медициналық мекемелерге бару, шұғыл жағдайларда немесе қоғамдық өмірге қатысуда айтарлықтай қиындықтар туғызған.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша уәкілетті орган шарттарға қосымша әзірленген келісімдерге қол қойды.
— Енді «инватакси» қызметін 2 215 мүмкіндігі шектеулі азамат түнгі уақытта да пайдалана алады. Қабылданған шаралар нәтижесінде аталған қызметке тең қолжетімділік қамтамасыз етілді, әлеуметтік әділеттілік қалпына келтірілді, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бұған дейін прокуратура ШҚО-да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «инватакси» 3 жыл бойы қызмет көрсетпегені туралы жаздық.