Алматыда неліктен қандала көбейді - маман жауабы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жасыл желекті биологиялық өңдеу жұмыстары жүріп жатыр.

Алматыда жасыл желекті биологиялық өңдеу жұмыстары жүріп жатыр.
Фото: Алматы әкімдігі

Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, күн сайын таңертең және түнгі уақытта адам мен жануарлар үшін қауіпсіз биологиялық құралдар қолданылады.

Жиенбаев атындағы Қазақ ҒЗИ бөлімінің жетекшісі Нұржан Мұхамадиев қандала санының күрт артуын биылғы ауа-райының ерекше құбылыстарымен байланыстырады.

— Көктемнің ұзаққа созылған салқындығы мен артынша ауа температурасының күрт 35 градусқа дейін көтерілуі — жөке немесе ағаш қандаласы секілді жәндіктердің көбеюіне өте қолайлы жағдай болды. Халық арасында оларды «сасық қандала» деп атайды, себебі олармен жанасқанда жағымсыз иіс шығады. Олар негізінен аула аумақтарында көбейеді, өйткені тұрғындардың санитарлық кесуге келіспеуінен мұндай шаралар сирек өткізіледі. Ал орталық көшелерде карағаштар өссе де, биоөңдеу жүйелі жүргізілетіндіктен мұндай жаппай таралу жоқ, — деді маман.

Нұржан Мұхамадиев бұл жәндіктердің адам мен қоршаған ортаға қауіпті емес екенін, бірақ қолайсыздықтар тудыруы мүмкін екенін атап өтті.

— Олар қарағаштың тұқымымен қоректенеді, жапырақтар мен бұталарда мекендейді. Олармен күрес үшін эвкалипт майы, торлар, дихлофос сияқты құралдарды қолдануға болады. Аула ішінде құстарды тарту үшін құс ұяларын орнату ұсынылады. Сонымен қатар Алматы сияқты ірі қалаларда көгалдандырудың заманауи тәсілдері химиялық құралдарды кеңінен қолдануды шектейді, өйткені бұл пайдалы жәндіктер мен топырақ тепе-теңдігіне зиян келтіруі мүмкін, — деді ол.

Экология басқармасының мәліметінше, 2025 жылы биологиялық өңдеу жұмыстары төрт кезеңде жүргізіледі: • бірінші кезең — сәуір айында аяқталды; • екінші кезең — 1–30 маусым аралығы; • үшінші кезең — 5 шілдеден 5 тамызға дейін; • соңғы кезең — 15 тамыз бен 20 қыркүйек аралығы.

Еске салайық, Алматыда 10 мың мектеп оқушысы АПВ-ға қарсы вакцина алды.

Соңғы жаңалықтар