Алматыда Непалдағыдай алапат сел жүруі мүмкін бе: Мамандар бөгет салынбағанына алаңдаулы
Непалда бірнеше адамның өмірін қиған жойқын су тасқынынан кейін қазақстандықтар Алматыдағы сел қаупіне алаңдай бастады. Бұған қаланың таулы және тау бөктеріндегі аумақтарында табиғи қауіптің жоғары болуы себеп. Оның үстіне 53 жыл бұрын қала жойқын сел тасқынын бастап өткерген еді. Мамандар Алматыда осындай апаттың қайталану ықтималдығын бағалап, селдің алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып берді.
Непалдағы сел тасқыны
26 тамыз күні таңертең Непалдың солтүстік аудандарын жойқын су тасқыны жайпап өтті. Қытай шекарасы маңынан басталған тасқын Бхотекоши мен Тришули өзендерінің аңғарларына таралып, адам шығынына әкелді.
Ғалымдардың алдын ала пікірінше, апатқа таудағы ірі мұз және тау жыныстары массивінің опырылып түсуі себеп болды. Оның соңы көшкінге ұласып, өзен аңғарларына үлкен көлемде су мен тау жыныстарының түсуіне әкелген.
Соңғы мәлімет бойынша, алапат сел тасқыны салдарынан Непал мен Тибетте 1 301 адам қаза тапқаны расталды. Тағы 5 339 адам із-түзсіз жоғалған. Сонымен қатар бірнеше шетелдік турист әлі табылған жоқ. Олардың арасында Қазақстан, Ресей мен Украина азаматтары да бар.
Алматы да мұндай селді бұрын бастан өткерген
Алматылықтардың «Непалдағы жағдай қайталанады» деп қорқуына негіз бар. Қала тарихындағы ең жойқын оқиғалардың бірі 1973 жылғы 15 шілдеде болған. Сол күні Тұйықсу мұздығы маңындағы көлдің жарылуынан Кіші Алматы өзенінің аңғарымен төмен қарай алып сел жүрген. Қазгидрометтің дерегінше, жарылған көлдің көлемі шамамен 225 мың текше метр болғанымен, жолай қосылған тау жыныстары мен су әсерінен селдің көлемі бірнеше есеге ұлғайған. Медеу сел қоймасына ағын шамамен 10 мың текше метр/секунд жылдамдықпен жетіп, селдің жалпы көлемі бірнеше миллион текше метрге жеткен.
Селдің негізгі соққысы Медеу шатқалындағы бөгетке тиді. Ол кезде бөгеттің құрылысы толық аяқталмаған еді. Соған қарамастан, бөгет селді ұстап қалып, оның Алматыға қарай жылжуына жол бермеді. 1973 жылғы апат кезінде бөгет шамамен 5,3 миллион текше метр сел массасын тоқтатты.
Осы оқиғадан кейін Медеу бөгетін күшейту жұмыстары жалғасып, оның сел ұстайтын сыйымдылығы арттырылды. 1982 жылы бөгеттің екінші кезегі аяқталды.
Ақсай бөгеті әлі салынбаған
Медеу бөгеті салынып біткенімен, алаңдайтын дүние әлі де бар. Себебі құрылысы тоқтап тұрған Ақсай бөгетін атап өтуге болады.
Мұны геолог Арман Серғазин айтып берді. Ол су тасыса, Алматыны бұдан да ауқымды апат күтіп тұрғанын айтты.
— Алматыда селден қорғайтын үш бөгет бар. Алғашқы екеуі — Медеу және Аюсай сенімді қалқандар. Олар қаланы морена көлдерінің қар көшкінінен қорғайды. Бірақ үшінші бөгет — Ақсай. Ол жиналып жарылатын бомба секілді. Ол ондаған мың адам тұратын қаланың батыс бөлігін қорғау үшін салынған, — деді Серғазин.
Геологтың айтуынша, бөгеттің құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Бұған ірі көлемдегі қаражаттың жымқырылуы себеп болғанын алға тартты. Мердігер компания бөгетті талапқа сай салмаған. Миллиардтаған теңге жоғалып, осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды. Нәтижесінде жоба тоқтатылды.
— Қазір Ақсай өзені мен оның үстіндегі морена көлдері ашық тұр. Егер үлкен сел жүрсе, ол бәрін шайып кетеді. Жандосов көшесі зардап шегеді. Содан кейін су тасқыны Әуезов және Алатау аудандарына тарайды. Енді бөгетті аяқтау үшін қайтадан бағалап, тағы миллиардтаған қаражат бөлу керек, — деді геолог.
Сөзінше, бұл жайт 2024 жылдан бері көтеріліп келеді. Сондықтан бюрократиялық мәселені тезірек шешу жолын қарастыру керек дейді.
Сондай-ақ маман Үлкен Алматы өзеніндегі жағдайды мысалға келтірді. Айтуынша, жазда қатты жаңбыр жауған кезде өзендер арнасынан асып кетті. Үлкен Алматы өзенінің жоғары ағысында екі бөгет болғанына қарамастан, қатты ағын жақында ғана реконструкцияланған инфрақұрылымды зақымдап кетті.
— Жоғары ағыста Аюсай бөгетінің арқасында қауіптен аман қалдық. Дегенмен қатты ағын жаңа инфрақұрылымның бір бөлігін зақымдап, кейін оны қайта қалпына келтіруге тура келді, — деді геофизик.
Ол Ақсай бөгеті пайдалануға берілмейінше, Алматының толық қауіпсіз болмайтынын түсіндірді.
Мәселенің алдын алу үшін не істеліп жатыр?
«Қазселденқорғау» Алматы басқармасы төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Әлішер Тоқтасын өңірде сел қаупі болғанымен, жағдай бақылауда екенін айтады.
Сөзінше, ірі селдің жүруіне қатты нөсер, ауа температурасының күрт көтерілуі, қар мен мұздықтардың тез еруі, мореналық-мұздық көлдердің жарылуы, тау жыныстарының опырылуы және жер сілкінісі әсер етеді.
— Алматыда сел қаупі бар. Бірақ ірі селдің жүруі нақты табиғи жағдайларға және бірнеше қауіп факторының бір уақытта қатар келуіне байланысты. Қазір қалада сел қаупін бақылауға, одан қорғануға және тұрғындарды алдын ала ескертуге арналған жүйе жұмыс істейді. Сонымен қатар қауіптің алдын алу шаралары жүргізіліп, қажет болған жағдайда жедел әрекет ету жұмыстары қамтамасыз етіледі, — деді маман.
Одан бөлек ескерілетін шаралар:
- Гидрометеорологиялық, сел, сырғыма және қар көшкіні жағдайларына тәулік бойы мониторинг жүргізеді;
- Жергілікті атқарушы органдарға, ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларына, сондай-ақ бау-бақша қоғамдарына хабарламалар-ұсынымдар беріледі;
- Қауіпті учаскелерде ескерту тақталары орнатылады;
- Қауіпті учаскелерге жерүсті және аэровизуалды тексеру жүргізіледі;
Ол Ақсай өзенінің бассейнінде сел ұстайтын бөгет құрылысы уақытша тоқтатылды дейді. Нысанның дайындық деңгейі — 85%.
Қазір жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, кейін мемлекеттік сараптамадан өткізу жоспарланып отыр. Бұл рәсімдер аяқталғаннан кейін нысанның құрылысы жалғасады, — деді ол.
Еске салсақ, Непалдағы су тасқыны құрбандарының саны 1,2 мыңнан асқаны айтылады.