Алматыда өртенген хостел құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып салынған
Алматыда өртенген хостел ғимаратының иесі – «КУСА Халық» ЖШС. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт биыл 21 қыркүйекте жасалған, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, жер учаскесінің нысаналы мақсаты – дүкенді пайдалану және қызмет көрсетуге арналған.
«Бұл нысан бір жарым ай бұрын хостелге айналған. Хостелдың алаңы – 457 шаршы метр. Айта кету керек, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР заңына сәйкес үй-жайларды қайта жабдықтау кезінде рұқсат құжаттарын алу керек. Бұл ретте Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қайта жабдықтауға арналған бастапқы рұқсат құжаттарын (АПЗ, шешім) бермеген. Дүкеннен хостелге функционалдық мақсаты өзгерген кезде санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін орындау қажет. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 23-тармағына сәйкес хостелді жертөле және жертөле қабаттарында орналастыруға тыйым салынады», - делінеді хабарламада.
Осылайша хостелдің жоғарыда аталған мекенжай бойынша санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып, заңсыз орналасқаны анықталды.
Алматыда хостелде болған өрт туралы соңғы мәліметтерді жазған едік.