Алматыда өткен жылы 118 пәтерді тонаған 24 қылмыстық топ ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек өткен жылы пәтер мен көліктерді тонап, ұсталған қылмысты топтар туралы статистиканы жариялады.

Спикердің сөзінше, өткен жылы Алматыда бөтеннің мүлкін ұрлаған 3 079 адамды ұсталды, оның 150-ден астамы шетелдіктер. Соның нәтижесінде 118 пәтерді тонаған 24 қылмыстық топ құрықталды.
«Сондай-ақ көліктердің құлпын бұзып, әйнекті сындырып, бөлшектеу арқылы ұрлықпен айналысқан 17 топ ұсталды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда, атап айтқанда, сауда орталықтары, базарлар, қоймалар, компьютерлік клубтар және тағы басқа орындарда жеке затты ұрлаумен айналысқан 119 топтың жолы кесілді. 314 ұры ұсталды, олар бөтеннің мүлкін ұрлаудың 488 дерегіне қатысты сотталды», - деп атап өтті Салтанат Әзірбек.
Оның мәліметінше, өткен жылы Алматыда бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі 36,8%-ға азайған, оның ішінде пәтер тонау, қалта ұрлығы, автокөлік салонынан ұрлау және т.б. Ал қылмыстың бұл түрін ашу көрсеткіші 13,9%-ға жақсарған.